Алматы қаласының Наурызбай ауданы аудандық сотында домалақ үстел өтті

Жылжымайтын мүлікке құқықты заңдастырудың мәселелерін шешу туралы

Ағымдағы жылдың 14 – ші шілдесінде Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында «Жер дауы және жылжымайтын мүлікке құқықты заңдастырудың мәселелері бойынша азаматтық істерді қарау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге «Кедергісіз тұрғын үй» қоғамдық бірлестігі, Алматы қалалық Әкімшілігінің өкілдері, Наурызбай ауданы әкімшілігінің өкілдері, Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы, Алматы қалалық Әділет департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалы –Жер кадастрінің ғылыми-өндірістік Департаменті, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясы, сондай-ақ «Медиацияны дамыту орталығы»РҚМ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің отырысын аша отырып Наурызбай аудандық сотының төрағасы Тулепбергенов Серикбай Алдабергенович «Жер дауымен жылжымайтын мүлікке құқықты заңдастыруға қатысты даулардың болуы азаматтарымыздың  құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғандығын және осындай мәселелердің дұрыс және уақытында шешімін табуынан жер құқығы саласындағы қатынастардың дамуы мен жетілдіруі ғана емес, қоғамның саяси-әлеуметтік жағдайына әсерін тигізіп отыр. Халықтың әлеуметтік шиеленісін болдырмаудың алдын алу мақсатында, жер қатынастарын реттеу жәнежылжымайтын мүлікке құқықты заңдастырудың саласында бірыңғай құқықтық база мен құқық қолдану тәжірбиесін пайдаланып, оны бекіту, осы салада сотқа түскен әр дауды жан-жақты тексеріп, халықтың жағдайын ескере отырып, әділ шешу – қазіргі жағдайда өзекті мәселе екенін атап өтті».

Аталған отырыста Наурызбай аудандық сотының судьясы Калиев Нурлан Муратовичкүн тәртібіне қойылған мәселе бойынша баяндама жасады.

Әр жанұяның басына түскен жер дауы немесе үйін заңдастыра алмай жүрген азаматтарға қатысты нақты істер талқыланды. Жер теліміне жеке меншік құқығына немесежер телімін пайдалану шекарасына қатысты даулардың пайда болуы – азаматтардың уақытында жер телемін кадастрлық есепке қоймай немесе шекараның анықталуынсыз кадастрлық есепке қойып, сондай-ақ азаматтардың жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеу кезінде заң талаптарын білмеу себебінен деген болжамдар жасалды.

Дөңгелек үстел қатысушылары жер даулары көп жағдайда Алматы облысы аумағынан Алматы қаласы аумағына өткен жер телімдеріне қатысты екенін, ал даулардың пайда болуына негізгі себептер – азаматтарға жер теліміне жеке меншік немесе пайдалану құқығын беру кезінде облыстық уәкілетті органдардың жер заңнама талаптарын орындамауы, жергілікті атқарушы органдарының шығарған актілерінің заңсыздығы, жер қатынастары саласындағы құзырлы органдардың іс-әрекетінен деген тұжырымға келді.

Сондай-ақ, өткізілген отырыста халықтың жылжымайтын мүлік мәселесі бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды. Осы тұрғыда «Кедергісіз тұрғын үй» қоғамдық бірлестігі өз тарапынан Алматы қалалық Әкімшілігінің, Прокуратура және сот органдарының қолдауымен халыққа, атап айтқанда әр азаматтың жылжымайтын мүлік құқығын заңдастыру, оларға осы салада әр түрлі кеңестер беру, барынша барлық құзырлы органдарда құжаттарын рәсімдеуге кеңес беруге, сот органдарында дауларды шешуге қатысуға арналып құрылғандығы туралы айтып өтті. Сәулет және құрылыс саласындағы заңнамадағы соңғы өзгерістерге байланысты Алматы қаласының тұрғындары салынған тұрғын үйлерін заңдастыра алмай отыр, бұл әрине әр отбасының салынған үйінде есептік тіркеле алмауына, балаларының бала-бақшаға, мектепке орналастыруына, кей жағдайда өз жер телімінде шағын бизнес ашуына кедергісін жасап отыр, – деп қорытындылады  қоғамдық бірлестік өкілдері. «Кедергісіз тұрғын үй» қоғамдық бірлестігімен қазіргі уақытта Алматы қаласында Наурызбай және Алатау аудандары бойынша халықтың заңсыз салынған құрылыстарын заңдастыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта азаматтарға аталған бірлестікке төмендегі құжаттармен жүгінуге болатынын атап өтті:

  • Жер телімінің идентификациялық және құқықтық құжаттары;
  • Жылжымайтын мүліктің Техникалық паспорты;
  • Сейсмологиялық тұжырым;
  • Жылжымайтын мүліктің нарықтық бағалауы туралы есеп;
  • Мүдделері қозғалған көршілердің нотариалды расталған келісімі;
  • өзгелері.

Құжаттарды тексеру кезінде толық кеңес беріледі.