Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың жобасы

Жер қатынастары саласындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың жобасы

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт жобасының әзірлеушісі:

«Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы» КММ (бұдан әрі – Басқарма).

Осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың жобасы Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық жайттарына жол бермеу және Басқарма қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық жайттарына төзбеушілікті арттыру мақсатында әзірленген.

1. Жекеленген қоғамдық қатынастар саласында (жер қатынастары саласында) істейтін тұлғалардың мінез-құлық (іс-әрекет) ережесі:

1.1 Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңды мүдделерін жүзеге асыру кезінде Басқарманың басшылары мен қызметкерлері міндетті:

– азаматтар және заңды тұлғалар құқықтарының, еркіндіктерінің және заңды мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін заңмен белгіленген

тәртіпте және мерзімде қарау, олар бойынша тиісті шараларды қабылдау;

– қарастырылмаған құжаттардың талап етуіне жол бермеу, сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді немесе басқа да рұқсат ететін функцияларды көрсету кезінде түрлі қағазбастылықты (бюрократияны) болдырмау;

– белгіленген міндеттердің орындауын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде сәйкессіздіктерді анықтаған жағдайда, тез арада жазбаша түрде уәкілетті органға хабарлау;

– мемлекеттік қызметтердің негізгі тұтынушысы ретіндегі халықтың тілектеріне толығымен бейімделіп, тұрақты негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша шараларды қабылдау;

– жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер қабылдауының ашықтығын қамтамасыз ету;

– жеке сипаттағы мәселелерді шешкен жағдайда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметкерлердің қызметіне ықпалын тигізу үшін өз қызмет дәрежесін пайдаланбау;

– қызмет міндеттерін ұтымды орындау үшін өз кәсіби деңгейін және біліктілігін көтеру, Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленген шектеулер мен тыйымдарды бұзбау;

1.2. Өз құзыреті шегінде басқарушы немесе өзге де шешімдерді қабылдаған жағдайда:

– мүдделер қайшылығын болдырмау, мүдделер қайшылығы пайда болған жағдайда оларды заңмен сәйкес жою;

– бақылау шараларын және шешім шығаруды жобалайтын өзгеде іс-әрекеттерді жүргізген кезде, мәселелерді әділдікпен қарап шешу, шешімдерді міндетті түрде тек заңмен сәйкес қабылдау.

– мемлекеттік қызметкерінің құзыретіне кіретін шешімдерді қабылдаған кезде, өзінің заңды міндеттерінің атқаруына байланысты ешқандай да материалдық игіліктерді, қызметтерді және де өзге артықшылықтарды қабылдамау;

– өкілдіктерді берілген құқықтар шегінде және лауазымдық міндеттерге сәйкес жүзеге асыру;

1.3. Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде:

– нормативтік-құқықтық актілерін дайындаған кезде, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ «Құқықтық актілер туралы» заң нормаларын қатал түрде ұстану;

– нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны азаматтардың құқықтарын және еркіндіктерін қозғайтын жағдайда, оларды алдын-ала қоғамдық талқылаусыз әзірлемеу және қабылдамау;

– нормативтік-құқықтық актілерді өзінің немесе үшінші жақтардың пайдасы үшін қабылдауға жол бермеу;

– белгісіз топтарға немесе жеке бір белгілі тұлғаларға арналу керек;

1.4. Өмірлік іс-әрекеті саласының ерекшелігіне байланысты туындайтын өзге де өзара қарым-қатынастарда:

– мемлекет мүдделеріне зиян келтіретін, мемлекеттік органдарының қызмет тиімділігін төмендететін немесе оған кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсылық көрсету;

– заңмен көзделген тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартатын қылықтарды және өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау;

– іскерлік этикетті және ресми мінез-құлық ережелерін сақтау.

2. Сыбайлас жемқорлық фактілерімен кездескен жағдайда қызметкерлердің іс-әрекеттері:

2.1. Егер де мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы жайында ақпарат білсе, ол осы құқық бұзушылығын болдырмау және тоқтату бойынша тиісті шараларды қабылдауға міндетті, соның ішінде тез арада, жазбаша түрде жоғарғы тұрған басшыға, өзінің жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарына хабарлау қажет.

Мемлекеттік қызметкерді өзге тұлғалар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына көндірген жағдайда, ол міндетті түрде белгіленген тұлғалар мен органдарға жазбаша түрде хабарлау керек.